Қаржы

Қазақстанда инфляция 10,3%-ға дейін баяулады — Ұлттық экономика министрі

Сурет: Gov.kz

Қазақстанда инфляциялық үдерістер біртіндеп тұрақтанып келеді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министр биыл Үкімет алдында инфляцияны 10%-дан төмен деңгейге дейін түсіру міндеті тұрғанын атап өтті.

Инфляциялық процестер біртіндеп тұрақталып келе жатқанын атап өткен жөн. Осы жылдың маусым айының қорытындысы бойынша инфляция 10,3%-ға дейін баяулады. Бұл 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені және басқа да қабылданып жатқан шаралар аясындағы Үкіметтің, Ұлттық банктің және ҚНРДА-ның келісілген іс-қимылдарының нәтижесі, — деді Серік Жұманғарин.

Серік Жұманғарин елімізде салмақты бюджет саясаты жүзеге асырылып жатқанын, ақша-несие саясатын үйлестіру сақталатынын, бәсекелестікті дамыту, ішкі өндірісті ұлғайту, нарықты тауарлармен қанықтыру және бизнес шығындарын азайту жөнінде шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Көп оқылғандар