Сурет: Jas Qazaq
2025 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңге болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары. Алайда инфляция 11,7% болғандықтан, нақты табыс небәрі 0,1%-ға өсті.
Ең жоғары табыс Алматы қаласында тіркелді – 408 182 теңге. Одан кейін Ұлытау облысы (353 036 теңге), Астана (352 811 теңге), Атырау облысы (323 716 теңге) және Маңғыстау облысы (288 891 теңге) келеді.
Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында – 143 409 теңге. Табысы аз өңірлер қатарында Шымкент (160 951 теңге), Жамбыл облысы (166 768 теңге), Жетісу облысы (173 876 теңге) және Қызылорда облысы (178 795 теңге) бар.
Атаулы табыс ең көп Алматы облысында өсті – 19,1%. Сондай-ақ Қарағанды облысында 16,4%, Алматы қаласында 15,1%, Шығыс Қазақстан облысында 14,7%, Ақтөбе облысында 14% өсім байқалды.
Инфляцияны ескергендегі нақты табыстың ең жоғары өсімі де Алматы облысында – 6,3%. Қарағанды облысында 4,5%, Алматы қаласында 3,4%, Шығыс Қазақстан облысында 2,8%, Ақтөбе облысында 2,2% өсім тіркелді.
Бірқатар өңірде нақты табыс төмендеді. Ең көп төмендеу Атырау облысында (-8,3%), Солтүстік Қазақстан облысында (-7,1%), Шымкентте (-3,9%), Маңғыстау облысында (-2,9%) және Ұлытау облысында (-2,2%) болды.
Мазмұнға өту
