Қаржы

Қазақстанда халықтың атаулы ақшалай табысы 11,8%-ға өсті

Сурет: Egemen Qazaqstan

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан халқының жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы кезеңде тұтыну бағалары индексі 11,7%-ды құраған. Соның нәтижесінде халықтың нақты ақшалай табысы небәрі 0,1%-ға өскен.

Өңірлер арасында жан басына шаққандағы ең жоғары орташа айлық табыс Алматы қаласында тіркелді – 408 182 теңге. Екінші орында Ұлытау облысы (353 036 теңге), үшінші орында Астана қаласы (352 811 теңге). Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында байқалып, орташа айлық табыс 143 409 теңгені құрады.

Номиналды ақшалай табыстың ең жоғары өсімі Алматы облысында тіркелді – бір жылда 19,1%-ға артқан. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 16,4%-ды құрады.

Ұлттық статистика бюросының түсіндіруінше, атаулы ақшалай табыс – халықтың жалдамалы және өзін-өзі жұмыспен қамтудан, әлеуметтік төлемдерден және өзге де көздерден алатын табысының жиынтығы. Ал нақты ақшалай табыс инфляция деңгейі ескерілгеннен кейінгі сатып алу қабілетін көрсетеді.

Ведомство жарияланған мәліметтердің алдын ала есеп екенін және бастапқы деректер нақтылануына байланысты қайта қаралуы мүмкін екенін атап өтті.

Көп оқылғандар