Қаржы

Қазақстанда BNPL қызметін реттеу заңнамасы күшейтіледі

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда тауарларды бөліп төлеу қызметін тұтыну қиындауы мүмкін. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі BNPL қызметін реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Өзгерістер Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының алаңында өткен сарапшылар кездесуінде таныстырылды.

Мамандардың айтуынша, электронды сауданың дамуына байланысты Қазақстандағы e-commerce нарығының көлемі 2025 жылы 3,77 трлн теңгеге жеткен. Ірі цифрлық платформалар мен маркетплейстер қаржылық экожүйеге айналып, банк қызметіне ұқсас функцияларды атқара бастаған.

Ұлттық банк пен ҚНРДА әзірлеген заңнамалық түзетулер тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптарын күшейтуді көздейді.

«Егер сатып алу процесіне үшінші тарап қаржыландырушы ретінде қатысса, ол банк болмаса да, оған тиісті міндеттемелер жүктеледі», делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, маркетплейстер қызметін реттеу тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, жасырын комиссиялардың белгіленуіне жол бермеуге және тәуекелдердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бірыңғай реттеу қағидаларын Сауда және интеграция министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп әзірлейді.

Көп оқылғандар