Қаржы

Қазақстанда бизнестің цифрлық картасы жасалады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда бизнестің цифрлық картасы құрылмақ. Бұл атаулы мемлекеттік қолдау мен деректер негізінде шешімдер қабылдауға арналған жаңа құралға айналады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа жүйе құрудың орнына, қолданыстағы Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін бірыңғай цифрлық платформаның өзегіне айналдыру ұсынылуда. Онда мемлекеттік деректер, бизнестің цифрлық бейіні, талдамалық сервистер, жасанды интеллект құралдары және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестері біріктіріледі.

Бизнестің цифрлық картасы мемлекет, бизнес және қолдау шараларының операторлары үшін бірыңғай экожүйеге айналады. Жоба аясында кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін бірыңғай жеке кабинетпен, Қаржы министрлігінің жүйелерімен, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және мемлекеттік қолдау шараларының операторларымен интеграциялау көзделген.

Нәтижесінде әрбір кәсіпкерлік субъектісінің бірыңғай цифрлық бейіні қалыптасады. Бұл кәсіпорынның қаржылық жағдайын, даму әлеуетін және тәуекел деңгейін ескере отырып, мемлекеттік қолдаудың атаулы шараларын ұсынуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, нақты уақыттағы экономикалық көрсеткіштерді бағалау, салық реформасы мен басқа да мемлекеттік шешімдердің бизнеске әсерін талдау және қолдау шараларының тиімділігін анықтау үшін аналитикалық панельдер қолжетімді болады.

«Осылайша, мемлекеттік қолдау саласындағы шешімдер жекелеген статистикалық деректер негізінде емес, кешенді талдау және объективті көрсеткіштер негізінде қабылданатын болады», деді Бекболат Молдабеков.

Көп оқылғандар