Қоғам

Қазақстанда бір тәулікте үш орман өрті тіркелді

Сурет: ТЖМ

26 тамызда Қазақстан бойынша үш орман өрті тіркелді. Оқиға орындары жедел анықталып, оларды оқшаулау және сөндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Өрттің бірі Батыс Қазақстан облысында, екіншісі Қарағанды облысында, ал үшіншісі «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында болған.

Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің тұрақты мониторингі арқылы дер кезінде табылған.

Сөндіру жұмыстарына мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе өрт сөндіру десанттары, тікұшақтары мен арнайы техникалары, сондай-ақ өзара іс-қимыл аясында қосымша күштер мен құралдар тартылды.

Жедел шаралар мен үйлесімді жұмыстың арқасында өрттің елді мекендер мен орман алқаптарына таралуына жол берілмеді.

Қазіргі уақытта өрт ошақтарын оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жағдай бақылауда.

Мамандар өрт қауіпті кезеңде азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, табиғат аясында сақ болуға шақырады.

Көп оқылғандар