Қаржы

Қазақстанда бір аптада қияр, қызанақ, жұмыртқа және сүт өнімдерінің бағасы төмендеді

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы арзандады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ең көп арзандаған өнім – қияр. Оның бағасы бір аптада 6,5 пайызға төмендеген. Қызанақ 4,1 пайызға, сәбіз 2,1 пайызға, сиыр еті мен жұмыртқа 0,6 пайызға, сүйекті сиыр еті 0,3 пайызға, ал балық 0,1 пайызға арзандады.

Өңірлер бойынша бағаның төмендеуі Қызылорда мен Жезқазғанда 0,4 пайызды, Петропавл, Өскемен, Қарағанды және Түркістанда 0,2 пайызды, Алматыда 0,1 пайызды құрады. Астана, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Семей және Таразда баға өткен аптадағы деңгейде сақталған.

Республика бойынша қиярдың орташа бағасы 549 теңге болды. Ең төменгі баға Атырауда тіркеліп, бір келісі 365 теңгеден сатылған.

Тазартылған күріштің орташа бағасы 533 теңге, ең арзаны Қызылордада – 456 теңге, Алматыда – 478 теңге болды. Ақ қырыққабаттың орташа бағасы 196 теңге, ең төменгі баға Түркістанда тіркеліп, бір келісі 136 теңгеден сатылған.

Бірінші санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы 563 теңге болды. Ең қолжетімді баға Қызылордада – 460 теңге, Ақтөбеде – 484 теңге.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы апта сайын есептеледі. Қазіргі тізімге 31 түрлі өнім енгізілген. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша баға өсу қарқыны 3 есе төмендеген. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова бұл оң өзгерістерді жылыжай шаруашылықтарын қолдау бағдарламасымен байланыстырды.

Көп оқылғандар