Қаржы

Қазақстанда алкогольсіз сусын өндірісі 17 пайызға өсті

Сурет: shutterstock.com

Елімізде алкогольсіз сусын өндірісі қарқынды дамып келеді. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында 1,6 млрд литр минералды су мен алкогольсіз сусын шығарылып, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 17 пайызға артқан, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ішкі нарықта сату көлемі 21 пайызға өсіп, 1,7 млрд литрге жеткен. Алкогольсіз сусын импорты 29,6 пайызға ұлғайып, 217,1 млн литрді құраған. Осылайша, импорттық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі 11,4 пайызды құраған.

Экспортта қант немесе басқа тәттілендіргіштер мен дәмдеуіштер қосылған сусындар басым. Қаңтар-мамыр аралығында олардың экспорты 172,8 млн литрге жетіп, құны 75,5 млн АҚШ долларын құраған.

Отандық өнімнің негізгі экспорттық нарығы — Қырғызстан. Бұл елге 94,9 млн литр сусын жөнелтіліп, құны 39 млн долларға жеткен. Өзбекстанға экспорт 39,2 млн литрден 48,3 млн литрге дейін артқан, ал құны 28,1 млн долларды құраған.

Ресей нарығында ең жоғары өсім байқалған. Экспорт көлемі 9,2 млн литрден 23,5 млн литрге дейін өскен. Арменияға экспорт шамамен 10 есе ұлғайып, 548,5 мың литрді құраған. Әзербайжан мен Грузияға жеткізілім 12 еседен астам артып, тиісінше 342,1 мың және 393,5 мың литрге жеткен.

Тәжікстанға экспорт 2,9 млн литрге, Моңғолияға 930,2 мың литрге, ал Корея Республикасына 171,5 мың литрге дейін өскен.

Көп оқылғандар