Сурет: Ашық дереккөз
Үкімет қаулысымен қан донорларына арналған «Құрметті донор» марапаты алғаш рет ресми түрде бекітілді. Бұл құрмет белгісіне 481 тұрақты донор ие болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ведомстволық төсбелгі Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға өтеусіз донорлық жасағаны үшін беріледі. Қан немесе тромбоцит донорлығы кемінде 40 рет, ал қан плазмасы донорлығы кемінде 70 рет болуы шарт.
Бұл шешіммен Үкімет адам өмірін құтқару жолында тұрақты әрі өтеусіз донорлық жасап жүрген тұрғындардың еңбегіне тарихи әділдік орнатты.
Төсбелгілерді дайындауды Қазақстан теңге сарайы жүзеге асырады. Медальдің әрбір бөлшегі терең мағыналық мәнге ие және Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен. Бекітілген дизайн бойынша төсбелгінің негізгі символы қанық қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы түрінде жасалған. Тамшының ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жүрек соғысының графикалық ырғағы орналасқан. Барлық композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалған, — делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор атанып, 255 мыңнан астам адам донорлық рәсім жасайды. Нәтижесінде жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке сапалы қан құю көмегі көрсетіліп, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығуына мүмкіндік беріледі.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес медициналық тексеруден өту және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор болып табылатын қызметкер жұмыс беруші тарапынан орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан босатылады.
Мазмұнға өту
