Қаржы

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі AI кампусы ашылады

Сурет: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы әлемдік деңгейдегі кампус ашылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен жаһандық Network School бастамасы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Network School негізін қалаушы және бас директоры Баладжи Шринивасан қол қойды.

Network School бүкіл әлемнен кәсіпкерлерді, инженерлерді, зерттеушілер мен инвесторларды біріктіреді. Оның негізін қалаушы Баладжи Шринивасан – Кремний алқабының танымал технологиялық кәсіпкері, Coinbase компаниясының бұрынғы CTO-сы және жүздеген технологиялық компаниялардың инвесторы.

Жаслан Мәдиев: «Жасанды интеллект мықты адамдар, батыл идеялар және олар жүзеге аса алатын орта бар жерде дамиды. Біз Қазақстанда таланттарға, технологиялық кәсіпкерлерге және жаһандық серіктестіктерге ашық экожүйені құрып жатырмыз. Network School ұйымымен ынтымақтастық бұл жұмысты күшейтеді», – деді.

Меморандум аясында Қазақстанда Network School-дың алғашқы кампусын құру жоспарланған. Онда әлемдік деңгейдегі білім беру, зерттеу және кәсіпкерлік бағдарламалары, халықаралық резиденттік және fellowship бағдарламалары жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тараптар стартаптарға арналған бағдарламаларды бірлесіп дамытуды, халықаралық конференциялар, хакатондар мен форумдар ұйымдастыруды, Қазақстанда Network State Conference 2026 конференциясын өткізу мүмкіндігін пысықтауды көздейді.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары: жасанды интеллект саласындағы білім беру бағдарламаларын дамыту, стартаптарды қолдау, бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстанға әлемдік жетекші мамандарды, кәсіпкерлерді, зерттеушілер мен инвесторларды тарту. Меморандум 5 жылға есептелген және оның орындалуы Қазақстанның жасанды интеллект, инновациялар мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытудағы жетекші өңірлік орталық ретіндегі халықаралық позицияларын нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.

Көп оқылғандар