Categories Қаржы

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін бағалайтын Gender Index платформасы әзірленеді

Сурет: Коллаж: Kazinform/ freepik, nano banana

Қазақстанда әйелдердің экономикадағы рөлін бағалауға арналған Gender Index аналитикалық платформасы әзірленбек. Бұл мемлекеттік саясатты жетілдіруге және кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін береді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, әлеуметтік жобалар қазір елдің технологиялық дамуы мен тұрақты экономикалық өсімінің маңызды факторына айналған. Олар экономикалық құндылық қалыптастырып қана қоймай, адами капиталды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал етеді.

Сондықтан Gender Index бастамасын дер кезінде қолға алынған әрі өзекті жоба деп санаймыз. Әйелдердің экономикаға қатысу деңгейін, кәсіпкерліктің қазіргі ахуалын және өңірлік даму көрсеткіштерін кешенді бағалауға мүмкіндік беретін аналитикалық платформаның құрылуы мемлекеттік басқару шешімдерінің тиімділігін арттырып, мемлекеттік саясатты жетілдіруге сеп болады, — деді Р. Коняшкин.

Вице-министр бұл жоба бақылау немесе реттеу құралы емес екенін атап өтті. Gender Index — мемлекетке, бизнеске және сарапшылар қауымдастығына шешім қабылдау кезінде объективті деректер мен дәлелді талдауға сүйенуге мүмкіндік беретін аналитикалық құрал.

Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Қазір Ұлттық банк пен Қаржы министрлігімен бірлесіп кәсіпкерлерге арналған бірыңғай цифрлық кеңістік — eGov Business платформасы дамытылып жатыр. Онда мемлекеттік қызметтер, бизнесті қолдау тетіктері және өзге де цифрлық сервистер қолжетімді.

Сонымен қатар, «Бизнес картасы» аналитикалық платформасы жұмыс істейді. ЖИ технологиялары үлкен көлемдегі деректерден заңдылықтарды анықтауға, экономика салаларының даму үрдісін болжауға және өңірлердегі жаңа өсу нүктелерін айқындауға мүмкіндік береді.

Министрлік өңірлік ІТ-кәсіпкерлікті және ІТ-хабтар желісін дамытуға басымдық беріп отыр. Бірнеше жыл бұрын іске қосылған IT-Aiel бағдарламасы қыз-келіншектерді бағдарламалау мен цифрлық дағдыларға үйретуде жақсы нәтиже көрсеткен.

Вице-министрдің айтуынша, министрлік Gender Index жобасын әзірлеу мен дамытуға цифрлық мемлекеттік инфрақұрылым, электрондық үкімет, мемлекеттік деректер және цифрлық платформалар арқылы қолдау көрсетуге дайын.

Мемлекет, халықаралық серіктестер, сарапшылар қауымдастығы және бизнес күш біріктірсе, кәсіпкерлікті дамытуға, адами капиталды нығайтуға және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет ететін тиімді аналитикалық құрал қалыптастыра аламыз, — деп түйіндеді Ростислав Коняшкин.

Бұған дейін Премьер-министр орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы бизнес субъектілерінің жартысына жуығын әйелдер басқаратынын айтқан еді. Сондай-ақ Қазақстандағы әрбір төртінші ЖОО-ны әйелдер басқарады.

Ұқсас жазбалар

«Халық бухгалтері» акциясы 60 мың кәсіпкерге тегін көмек көрсетті

Қаржы министрлігі кәсіби бухгалтерлік ұйымдармен бірлесіп, 2026 жылдың 5 қаңтары мен 30 маусымы аралығында өткен…

2-5 пайыздық ипотеканы қалай алу керек?

«Отбасы банк» жылдық 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген тұрғын үй несиесіне өтінім қабылдауды…

Докторантураға түсуге құжат қабылдау басталды

Қазақстанда 2 шілдеден бастап докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталды. Құжаттарды 3 тамызға дейін тапсыруға…