Қаржы

Қазақстанда 2027 жылы 845 МВт жаңа энергетикалық қуат іске қосылады

Сурет: istockphoto.com

2027 жылы Қазақстанда жалпы қуаты 845 МВт болатын жаңа энергетикалық нысандар пайдалануға беріледі. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствоның айтуынша, жаңа жобалар елді электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге, генерациялау қуаттарын арттыруға және қажетті резерв қалыптастыруға бағытталған.

Атап айтқанда, Жамбыл ГРЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын бес газтурбиналық қондырғы іске қосылады. Сонымен қатар «МАЭК» ЖШС-де қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысы, «Баскуат Энергопром» ЖШС жобасының бірінші кезеңі аясында жалпы қуаты 34,7 МВт болатын бес газпоршеньді қондырғы және «Kazakhmys Energy» ЖШС-де қуаты 70 МВт бу-газ қондырғысы іске қосылады.

Бұдан бөлек, 2027 жылы жалпы қуаты 570 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобалары жүзеге асады. Олардың қатарында Алматы облысындағы 100 МВт күн электр станциясы, Қызылорда облысындағы жалпы қуаты 70 МВт болатын үш күн электр станциясы, Ақтөбе облысындағы әрқайсысының қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарындағы жел электр станциялары бар.

Министрліктің мәліметінше, жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанында елдің электр энергиясына деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Ал жыл соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт·сағ көлемінде профициті қалыптасады деп күтіледі.

Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін шамамен 2,6 ГВт жаңа энергетикалық қуат іске қосылмақ. Оның ішінде төрт газ электр станциясын іске қосу, қолданыстағы екі электр станциясын кеңейту және жаңартылатын энергия көздерінің 10 жаңа нысанын пайдалануға беру көзделген.

Еске салайық, бұған дейін елімізде 6 айда 63,4 млрд кВт сағ электр энергиясы өндірілгенін хабарлаған болатынбыз.

Көп оқылғандар