Қоғам

Қазақстанда 11 елдің жетекші университеттері филиал ашты

Сурет: edu.kz

Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші жоғары оқу орындары филиалдарын ашты. Бұл білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқып, 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы III Стратегиялық серіктестер форумында айтты. Президенттің сөзінше, жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық серіктестікке ерекше көңіл бөлінуде. Қазір осы бағытта 40 стратегиялық келісім жүзеге асырылып жатыр.

«Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар. Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы шетелдік студенттер санының артып келе жатқанын атап өтті. Былтыр 31 мың болса, қазір 41 мыңға жеткен. Оның 8 мыңнан астамы Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда.

«Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. 2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе берілетінін мәлімдеді.

Көп оқылғандар