Әлем

Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлер Қара теңізде дрон шабуылына ұшырады

Сурет: istockphoto.com

19 шілдеде Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында елімізде өндірілген мұнайды тиеп жатқан ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне дрондар шабуыл жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

КҚК мәліметінше, оқиға кезінде капитан мен аға көмекшісінен басқа 22 адамнан тұратын халықаралық экипаж эвакуацияланған.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, ВПУ-1 және ВПУ-3 қашықтағы тиеу құрылғылары зақымданбаған, мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген. Қазіргі уақытта терминалда мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.

Ведомство азаматтық мақсаттағы маңызды энергетикалық инфрақұрылымға жасалған мұндай шабуылдардың жол беруге болмайтынын атап өтті.

«Халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, энергетикалық ресурстардың халықаралық саудасының үздіксіз жұмысын бұзады әрі жобаға қатысушылардың экономикалық мүдделеріне елеулі залал келтіреді», делінген министрлік мәлімдемесінде.

Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында КҚК инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге жасалған дрон шабуылдарын қатаң айыптады.

Министрлік бұл әрекеттерді Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғу, халықаралық сауданы, әлемдік энергетикалық нарықтарды және жаһандық көлік-логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана іс-қимыл деп бағалады.

СІМ мәліметінше, Қара теңізге мұнай тиеу үшін кіретін азаматтық кемелер туралы алдын ала келісілген ақпарат алмасу тетігі әдейі ескерілмеген. Бұл экипаж мүшелерінің өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген.

«Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізатын экспорттайтын инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды талап етеді», деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігі.

Сондай-ақ ведомство серіктес елдерді аталған шабуылдарды айыптауға шақырып, Қазақстан келтірілген шығынды жан-жақты бағалап жатқанын, қажет болған жағдайда халықаралық құқық аясында оның өтемін талап ету құқығын өзінде қалдыратынын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін де Қара теңізде Қазақстанның мұнайын тасымалдайтын «Chevron» танкеріне дрон шабуылдары жасалған болатын.

Көп оқылғандар