Сурет: Egemen Qazaqstan
Каспий құбыр консорциумындағы мұнай қабылдауға қойылған уақытша шектеулерге байланысты Қазақстан шілде айында мұнайдың бір бөлігін балама бағыттарға қайта жөнелтті. Энергетика министрлігі қосымша экспорт маршруттары ретінде Баку-Тбилиси-Джейхан және Баку-Супса бағыттарын да қарастырып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Каспий құбыр консорциумындағы мұнай қабылдауға қойылған уақытша шектеулерге дрон шабуылдары себеп болған. Осыған байланысты Қазақстан шілде айында мұнай көлемінің бір бөлігін басқа тасымалдау бағыттарына бұрған.
Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева мәлімдеді.
«Мұнай көлемінің бір бөлігі басқа тасымалдау бағыттарына, оның ішінде Ақтау порты бағытына, Атасу-Алашанькоу және Атырау-Самара бағыттарына қайта жөнелтілді», деді ол.
Министрлік қазақстандық мұнай экспортының қосымша бағыттарын да қарастырып жатыр. Олардың қатарында Каспий теңізі арқылы Әзербайжан аумағымен өтетін Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты және Баку-Супса маршруты бар.
Қазірдің өзінде Баку-Тбилиси-Джейхан жүйесі арқылы Қазақстан мұнайы жылына шамамен 1,2 млн тонна көлемінде тасымалданады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Әзербайжан тарапы қазақстандық мұнайды қабылдау көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын екенін білдірген.
Бұған дейін КТК шілде айында Новороссийск портындағы мұнай тиеу айлақтарына дрондардың шабуыл жасауына байланысты екі рет жұмысын уақытша тоқтатқан еді.
Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын экспорттауда негізгі рөл атқарады. Ел мұнайының 80%-ға дейінгі бөлігі КТК арқылы тасымалданады.
Осыған байланысты балама экспорт бағыттарын дамыту Қазақстан үшін мұнай тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр.
Мазмұнға өту
