Басты тақырып

Қазақстан мен Тәжікстан тауар айналымы 1 млрд доллардан асты

Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігінде тұрақты екенін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы қазақ-тәжік қатынастарының барлық салада оң дамып келе жатқанын жоғары бағалады. Үкіметтер арасындағы уағдаластықтардың орындалуы тауар түрлерінің көбеюіне және теміржол экспорт-импортының ұлғаюына әкелді. Бизнес-форумдар мен сауда миссияларының нәтижесінде коммерциялық келісімдер жүзеге асуда.

«Елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мәдени-гуманитарлық байланыстардың да кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Душанбеде Абай бюсті, Астанада Ибн Сина ескерткіші ашылды. Жастар, ғалымдар мен зиялылар форумдары жиі өткізіледі.

«Бүгін өте маңызды іс-шараға – Астана қаласында Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысамыз. Бұл бір ғимараттан ғана тұрмайды, оны кешен деуге болады. Мұның бәрі таңғалдырады әрі Тәжікстанның елімізде тұрақты түрде өкілдігі болатынын айғақтайды. Әлбетте, бұдан бауырластық байланыстарымыздың бірегей сипатын көреміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақордада Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Резиденция алдында Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары екі елдің Мемлекеттік туларын желбіретіп ұшты.

Көп оқылғандар