Сурет: Egemen Qazaqstan
Ресейдің Омбы қаласында Қазақстан мен Ресейдің ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды. Екі күнге созылатын іс-шарада шекаралық аймақтардың сауда байланыстары мен стратегиялық серіктестігін дамыту мәселелері талқылануда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Форумның алғашқы күні Ресей – Қазақстан іскерлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға екі елдің шекаралық аймақтарының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және ірі кәсіпорын жетекшілері қатысты. РФ Президентінің Сібір федералды округіндегі уәкілетті өкілі Анатолий Серышев, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко және Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Владимир Падалко сөз сөйледі.
Отырыста Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі екені атап өтілді. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 27,4 млрд долларды құраған. Биылғы қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 9,6 пайызға өсіп, 10,9 млрд долларға жетті.
2005–2025 жылдар аралығында Ресейдің Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 29,3 млрд доллар болса, Қазақстан Ресей экономикасына 9 млрд доллар құйған. Қазір өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы құны 52,7 млрд доллар болатын 177 бірлескен жоба іске асырылуда.
Омбы облысымен сауда байланысы да жоғары. Биылғы төрт айда тауар айналымы 136 млн долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Қазақстан Омбыға 33 млн долларлық тауар экспорттаса, аймақтан 103 млн долларлық өнім импорттаған.
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков екі ел үшін сауданың жоғары деңгейін сақтап, экономикалық өсімнің жаңа көздерін табу қажеттігін айтты. Оның сөзінше, мемлекет басшылары тауар айналымын жылына 30 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп отыр.
«Бұл біздің елдеріміздің экономикалары бір-бірін толықтыру тәжірибесінің жоғары деңгейін сақтап отырғанын көрсетеді. Қазір ынтымақтастық құрылымы өзгеріп, өнеркәсіптік кооперация мен өндірістік тізбектерді дамыту бірінші орынға шықты», – деді ол.
Вице-министр машина жасау саласындағы бірлескен жобаларды мысалға келтірді. Көкшетаудағы «КамАЗ-Инжиниринг» пен «Техноавиа-Казахстан» компаниясы өнеркәсіп кооперациясының тиімділігін дәлелдеп отыр.
Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан транзиттік өткізу көлемін 2016 жылғы 13 млн тоннадан 2025 жылы 33 млн тоннаға дейін арттырған. Былтырғы өсім 20 пайызды құрады. Кейінгі 15 жылда салаға 35 млрд доллар жұмсалса, 2030 жылға дейін теміржол инфрақұрылымына тағы 10 млрд доллардан астам қаржы құю жоспарланған.
Қазақстан арқылы бес халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Олар Қытай мен Азия елдерін Ресей, Еуропа, Кавказ, Орталық Азия, Иран және Парсы шығанағы елдерімен байланыстырады. Қазақстан мен Ресейді тоғыз мемлекетаралық теміржол пункті жалғайды.
Мазмұнға өту
