Categories Қаржы

Қазақстан мен Қытай терең өңдеу жобаларын талқылады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Үрімші қаласындағы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы өкілдігінде өткен кездесу Қазақстан экономикасына жаңа өндірістер тартуға арналған нақты бастамамен ерекшеленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар көмір химиясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, ветеринария мен заманауи агротехнологияны енгізу бағытындағы бірлескен жобаларды талқылады. Келіссөздердің басты тақырыбы – Қытайдың ірі өнеркәсіптік холдингі «China Pingmei Shenma Holding Group Co., Ltd.» компаниясының Қазақстанда құны 1,5 млрд АҚШ долларына дейін жететін заманауи көмір-химия кешенін салу жоспары болды.

Жоба көмірді терең өңдеудің толық циклін қалыптастырып, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға негізделген. Компания басшылығы елімізді Орталық Азиядағы негізгі инвестициялық алаңдардың бірі ретінде қарастыратынын жеткізді.

Серік Жұманғарин бұл бастама елдің индустриялық саясатына толық сәйкес келетінін айтып, Үкімет жобаны жан-жақты қолдауға дайын екенін білдірді.

«Біз көмір химиясы бағытындағы бастамаларды қолдаймыз. Жобаны сүйемелдеуге, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі мен Қазақстанның даму банкі арқылы қаржыландыру тетіктерін қарастыруға әзірміз. Абай облысы да мұндай өндірісті орналастыруға дайын», деді вице-премьер.

Кездесу қорытындысында «China Pingmei Shenma Holding Group» пен «QazTrade» арасында көмір ресурстарын тиімді игеру мен көмір химиясын дамытуға арналған стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іскерлік кездесулердің тағы бір бағыты агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне арналды.

Қытайдың «Xinjiang Zhongxinjian Animal Husbandry Co. Ltd.» корпорациясымен ветеринария, мал шаруашылығы, өсімдік өсіру, биотехнология мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды. Тараптар ветеринарлық препарат өндіру технологияларын енгізу, жоғары өнімді мал шаруашылығын дамыту, заманауи суару жүйелерін пайдалану әрі жоғары ақуызды жүгері өсіру бағытындағы ынтымақтастыққа басымдық берді.

Қытайлық компания «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында мал азығына арналған жүгері өсіріп, жылына 1 млн тонна жүгеріні терең өңдейтін индустриялық парк салу жобасын ұсынды. Компания өкілдері бұл бастамаға дайындық барысында «Азық-түлік корпорациясымен» жүргізілген жұмыс Қазақстан нарығының әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік бергенін жеткізді.

Серік Жұманғарин өз кезегінде Абай облысын агроөнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларының негізгі өндірістік алаңы ретінде қарастыруды ұсынды. Вице-премьер жуырда Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы Қазақстанға қатысты соңғы ветеринарлық шектеуді алып тастағанын еске салып, бұл отандық ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға жаңа мүмкіндік ашқанын айтты.

Осыған байланысты Қазақстан тарапы Қытай стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін мамандандырылған зертхана құруды, экспорттық талаптарды жетілдіруді әрі шекара маңындағы логистикалық инфрақұрылымды дамытуға негізделген кешенді ынтымақтастық моделін ұсынды.

«Біздің мақсат – тірі мал емес, жоғары қосылған құны бар дайын өнім экспортын ұлғайту. Сапаны халықаралық талапқа сай бақылау жүйесі мен заманауи логистиканы дамыту Қытай нарығына қайта өңделген өнім жеткізу көлемін едәуір арттырады», деді Серік Жұманғарин.

Келіссөздер соңында тараптар барлық инвестициялық бастаманы егжей-тегжей пысықтап, әр жобаға арналған жол карталарын әзірлеуге, сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың өзара сапарларын ұйымдастыруға уағдаласты.

Ұқсас жазбалар

Ұялы байланысқа қатысты жаңа ережелер 28 маусымнан күшіне енеді

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа ережелер 28…

«Отбасы банк» 283 мыңнан астам жас азаматтың баспаналы болуына көмектесті

«Отбасы банк» жұмыс істеген кезеңде 35 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам жас азамат баспаналы болды.…

Серік Жұманғарин: Келесі бюджетте ең төменгі жалақыны көтеру қарастырылуы мүмкін

Қазақстанда келесі бюджетті қалыптастыру кезінде ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) арттыру мәселесі қарастырылмақ. Бұл туралы Премьер-министрдің…