Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстан Оңтүстік Кореямен креативті индустрия саласындағы бірлескен жұмысты жандандыруға кірісті. Сеулде қазақстандық делегация Кореяның мемлекеттік органдары мен ірі компанияларының өкілдерімен кездесіп, екіжақты әріптестікті дамыту, тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесулердің біріне «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов пен Оңтүстік Кореяның Мәдениет, спорт және туризм вице-министрі Ким Дэ Хён қатысты. Тараптар креативті экономикадағы мемлекеттік саясат, шығармашылық кәсіпкерлікті қолдау тетіктері және ұлттық контентті халықаралық нарыққа шығару тәжірибесімен бөлісті.
Жиын соңында Қор мен Корея Республикасының креативті контентті дамыту агенттігі (KOCCA) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кино, музыка және креативті экономиканың басқа салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, тәжірибе алмасуды және ортақ сараптамалық зерттеулер жүргізуді көздейді.
Сапар барысында қазақстандық делегация Азиядағы ірі медиакомпания MBC және әлемдік музыка индустриясының көшбасшысы HYBE басшылығымен кездесті. Кездесуде контент дайындау, зияткерлік меншік нысандарын коммерцияландыру, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, цифрлық платформаларды дамыту және креативті өнімді халықаралық нарыққа ілгерілету мәселелері талқыланды.
Келісімдер Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы креативті индустрия саласындағы әріптестікті нығайтып, отандық авторлар мен шығармашылық кәсіп иелерінің халықаралық мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ қазақстандық креативті өнімнің әлемдік нарықтағы әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Мазмұнға өту
