Қаржы

Қазақстан КҚК шабуылдарынан 3,5 млн тонна мұнай жоғалтты

Сурет: Depositphotos.сom

Қазақстан Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдар салдарынан 3,5 млн тонна мұнайдан айырылды. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, бастапқыда КҚК биыл шамамен 100 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлаған. Алайда қаңтар, маусым және шілде айларында нысандарға жасалған шабуылдарға байланысты жоспар төмендетілген.

«Қазір түзетілген жоспар 96 млн тоннаны құрайды. КҚК-ға жасалған шабуылдардан болатын шығын 3,5 млн тоннаға жетеді. Біздің есебіміз осындай», деді министр Үкіметтегі брифинг барысында.

«Теңізшевройл» (ТШО) акционерлері КҚК-ға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбеу және оны келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Энергетика министрлігі NCOC (North Caspian Operating Company) операторының кен орындарындағы жөндеу жұмыстарын 2027 жылға шегерді. Қарашығанақ кен орнындағы жұмыстарды қыркүйек айының ортасында бастау жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстарына байланысты мұнай өндірудегі шығын шамамен 400-450 мың тоннаны құрайды.

Ерлан Ақкенженов сондай-ақ Баку – Супса балама бағыты қазіргі таңда Қазақстан үшін «өмірлік маңызы бар» екенін мәлімдеді.

«Бұл құбыр мен бағытқа қарсылық білдірушілер Қазақстанның шабуылдарға байланысты қазір қандай көлемде шығынға ұшырап отырғанын шын мәнінде түсінбейді. Өндірілмей қалған мұнайды және жұмысы уақытша тоқтатылған немесе қуаты төмендетілген кен орындарынан алынатын мұнайды осы құбыр арқылы тасымалдауға болар еді. Сондықтан мен бұл бағытты екі қолымды көтеріп қолдаймын», деді министр.

Осыдан бір ай бұрын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуылдап, мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылғанын хабарлаған едік. Сонымен қоса, Қазақстан мен Грекия КҚК арқылы мұнай жеткізу қауіпсіздігін талқылады.

Көп оқылғандар