Әлем

Қазақстан КҚК арқылы мұнай тасымалдаған кемелерге жасалған шабуылды айыптады

Сурет: Ағыбай Аяпбергенов\Kazinform

ҚР Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңізде Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылдарды қатаң айыптады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай әрекеттер Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық болып саналады. Олар заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтарды және халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған.

Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу мақсатында кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық мүдделі тараптар бұрын келіскен тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді, – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспортталатын инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды талап етті. Сыртқы істер министрлігі серіктес мемлекеттерді шабуылдарды айыптауға шақырып, барлық мүдделі тараптарды осындай оқиғалардың алдын алуға бағытталған практикалық шараларды бірлесіп әзірлеуге үндеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан келтірілген залалға бағалау жүргізуде. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан өз мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, оның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар қою құқығын өзіне қалдырады, – деп атап өтті ведомство.

Министрлік Қазақстан қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін тағы да мәлімдеп, халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасы еркіндігіне және халықаралық көлік-логистикалық әрі энергетикалық бағыттардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бейілді екенін растады.

Көп оқылғандар