Қоғам

Қазақстан Каспий деңгейі мәселесі бойынша Үкіметаралық комиссия құруды ұсынды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстан Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және деңгейінің төмендеуіне қарсы күрес үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін растады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық кездесуде Қазақстан өкілдері Каспий өңіріндегі климаттық өзгерістердің жеделдеуіне алаңдаушылық білдірді. Өйткені мұнда орташа жылдық температураның өсу қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары.

Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауына, жағалаудағы қауымдастықтардың әл-ауқатына және аймақтың тұрақты дамуына таяздықтың әсері ерекше назарға алынды.

Қазақстан Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі мәселесі бойынша Үкіметаралық комиссия құруды, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Каспий су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны ілгерілетуді қоса алғанда, Каспий маңы мемлекеттерінің бастамаларын қолдады.

Алдағы жұмыстың басым бағыттары ретінде Қазақстан Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы бойынша 2026-2036 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеуді, бірлескен мониторинг пен болжау жүйелерін нығайтуды, жағалау аумақтарын бейімдеу шараларын әзірлеуді атады. Бұл саяси уағдаластықтардан нақты бірлескен іс-қимылдарға көшуді білдіреді.

Сонымен қатар Қазақстан COP31-ге ұсынған Каспий өңірі үшін басым экологиялық және бейімдеу жобаларын іске асыруға жәрдемдесуге арналған өңірлік инвестициялық бағдарламаны ерекше атап өтті. Қазақстан халықаралық ұйымдарды, қаржы институттарын және даму серіктестерін тарту үшін «Каспий теңізінің достары» платформасын одан әрі дамытуды жақтады.

Каспий теңізін сақтауда нақты және өлшенетін нәтижелерге қол жеткізу үшін қолданыстағы өңірлік тетіктерді, ең алдымен Тегеран конвенциясын негізге ала отырып, бес Каспий маңы мемлекетінің күш-жігерін біріктіру қажеттігі атап өтілді.

Айта кетейік, Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі Транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы жоспарға сай жүріп жатқанын мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, Каспий теңізі арқылы өтетін интернет кабель құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген.

Көп оқылғандар