Сурет: Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялық тартымдылығы жоғары ел ретіндегі орнын нығайтуда. Safest Countries for Investors 2026 рейтингінде еліміз 150 мемлекет арасында 53-орынға ие болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл рейтинг Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігіне халықаралық сенімнің артқанын көрсетеді. Осылайша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көшбасшылықты сақтап, экономикасы ірі бірқатар мемлекетті басып озды.
Рейтингте тартылған инвестиция көлемі емес, елдегі инвестициялық қауіпсіздік деңгейі бағаланады. Сарапшылар макроэкономикалық тұрақтылықты, мемлекеттік басқару сапасын, саяси және валюталық тәуекелдерді, реттеуші ортаның тиімділігін және экономиканың сыртқы сын-қатерлерге төзімділігін ескерген.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның жоғары көрсеткіші халықаралық инвесторлардың елді жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында да сенімді әрі болжамды инвестициялық бағыт ретінде қабылдайтынын аңғартады.
Мемлекеттік органдардың мәліметінше, инвестициялық тартымдылықты одан әрі арттыру мемлекеттік институттардың тиімділігін күшейтуге, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және бизнесті жүргізудің ашық әрі түсінікті шарттарын қалыптастыруға негізделген.
Мамандардың пікірінше, оң үрдістің сақталуы Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі орнын жақсартып қана қоймай, шетелдік инвесторлардың сенімін арттырып, ел экономикасының тұрақты өсуіне және жаһандық инвестициялық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің күшеюіне ықпал етеді.
Мазмұнға өту
