Сурет: Видеодан скрин
Қазақстан азаматы Руслан Мұхамедов өз есімінің Ресей тарапынан Украинаға қарсы соғысқа қатысқандар тізімінде жариялануы салдарынан жақындарымен қарым-қатынасы нашарлағанын, тіпті жұмысынан айырылып қалу қаупі туындағанын айтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Журналист Лұқпан Ахмедияровтың жарияланымынан өз деректерін тапқан Мұхамедов Бас прокурор мен Ішкі істер министріне бейнеүндеу жасады. Ол үндеуде журналистің Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығысқа қатысқаны туралы тексерілмеген ақпарат таратқанын айтады. Мұхамедов бұл ақпаратты жоққа шығарып, Ресейге тек жұмыс істеу үшін барғанын, соғысқа қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Мен Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Бұл жағдайға менің ешқандай қатысым жоқ», дейді ол.
Мұхамедовтің айтуынша, ақпарат тарағаннан кейін оның беделіне нұқсан келген. Ол кейбір достарымен және туыстарымен қарым-қатынасы үзілгенін, енді бұл жұмысына да кері әсер етуі мүмкін екенін айтады. Оның ерекше наразылығын тудырған жайт – ақпараттың тиісті деңгейде тексерілмей жариялануы. Ол бейнеүндеуде Facebook желісінен оқыған жазбаға да тоқталып, сөз бостандығының шегі мен ақпарат таратқан адамның жауапкершілігі туралы пікір білдіреді.
«Сөз бостандығы тексерілмеген ақпаратты жариялауға құқық бермейді», дейді Мұхамедов.
Оның басты талабы – өзінің деректері бұл тізімге қалай енгенін анықтап, журналист Лұқпан Ахмедияровтың әрекетіне құқықтық баға беру.
«Мен қылмыскер емеспін. Мен – адал атына нұқсан келген азаматпын. Осы журналисті заң бойынша қатаң жазалауды сұраймын», деді Руслан Мұхамедов.
Мазмұнға өту
