Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстан Абу-Дабиде өткен 35-халықаралық кітап көрмесіне қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Көрмеге 95 елден 1200-ге жуық қатысушы жиналды. Іс-шара «Парақта да, әлемді оқы» ұранымен ұйымдастырылып, мәдени, әдеби және білім беру бағдарламаларын қамтыды.
Қазақстандық стендте отандық авторлардың туындылары, қазіргі қазақ әдебиеті, балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдар, ұлттық мәдени мұраға қатысты кітаптар және отандық баспалардың жобалары ұсынылды.
Көрме барысында Қазақстан өкілдері шетелдік баспалармен, әдеби агенттіктермен және мәдени ұйымдармен бірнеше кездесу өткізді. Онда қазақ әдебиетін шет тілдеріне аудару, авторлық және баспа құқығын халықаралық нарықта ілгерілету, сондай-ақ бірлескен әдеби-мәдени жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қазақстанның көрмедегі бағдарламасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі және «Nomad» мәдениет қорымен бірлесіп ұйымдастырылды.
