Шартарап

Қазақ өнері Ханойда: Вьетнамда Қазақстан мәдениеті күндері өтті

Сурет: Мәдениет министрлігі

Вьетнамдағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ханой қаласында екі елдің өнер шеберлері қатысқан гала-концерт өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ho Guom Opera театрында өткен іс-шарада Үкімет басшысының орынбасары Аида Балаева құттықтау сөз сөйледі. Ол Қазақстан мен Вьетнамды сыйластыққа, достық пен сенімге негізделген берік қарым-қатынас байланыстыратынын атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары кезінде берген тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласындағы көшелердің біріне Вьетнамның көрнекті мемлекет және саяси қайраткері Хо Ши Миннің есімі берілгенін жеткізді. Бұдан бөлек, ол ұлттық бірегейлікті нығайту мен рухани мұраны сақтауда мәдениеттің айрықша рөл атқаратынына тоқталды.

«Өйткені мәдениет – тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі қоғамның рухани тірегі және келешек ұрпаққа қалдыратын ең қымбат құндылығымыз. Қазақстан өнері Ұлы даланың терең тарихынан, халқымыздың салт-дәстүрі мен рухани болмысынан бастау алады. Қазақтың қоңыр күйі мен әсем әні, дәстүрлі өнері мен заманауи шығармашылығы арқылы вьетнамдық көрерменге еліміздің мәдени келбетін таныстыруды зор мәртебе санаймыз», деді Аида Балаева.

Вьетнам Социалистік Республикасының вице-президенті Во Тхи Ань Суан мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі ретінде зор мән беретінін атап өтті.

Гала-концертке Қазақстан мен Вьетнамның көрнекті өнер шеберлері қатысты. Бағдарламада қазақ күйлері мен халық әндері, сондай-ақ вьетнамдықтардың кеңінен танымал «Nguoi Ha Noi» және «Hà Nội mười hai mùa hoa» шығармалары орындалды. Қазақстандық және вьетнамдық өнерпаздар бірлесіп орындаған «Достық әуендері» композициясы мәдени диалогтың ерекше нышанына айналды. Бұл туындыда вьетнамның «Trống Cơm» халық әні мен Құрманғазының «Жима» және «Балбырауын» күйлерінің әуендері үйлесім тапты.

Көп оқылғандар