Categories Қаржы

Қаржы министрлігінде жаңа Конституция құндылықтарына арналған велошеру өтті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қаржы министрлігінде орталық аппарат, комитеттер және ведомстволық ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен велошеру мен тимбилдинг ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара жаңа Конституция күшіне енуі қарсаңында өткізіліп, оның негізгі құндылықтарын – заң үстемдігін, мемлекеттің жауапкершілігін, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды, қоғам бірлігі мен ел мүддесіне қызмет ету қағидаттарын насихаттауға бағытталды.

Жаңа Конституция мемлекеттік институттар қызметіне жаңа талаптар қояды. Бұл Қаржы министрлігі жүйесі үшін маңызды, себебі қаржы, салық, кеден, қазынашылық және бақылау органдары жұмысының сапасына азаматтардың сенімі, бизнес тұрақтылығы, бюджеттік үдерістердің ашықтығы және елдің инвестициялық тартымдылығы байланысты.

Конституцияның маңызды бағыттарының бірі – азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту. Бұл мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз шешімдері, әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін жауапкершілігін қамтиды. Мұндай тәсіл құқықтық ортаның болжамдылығын арттырып, мемлекеттік шешімдер сапасына талаптарды күшейтеді.

Велошеру алға ұмтылудың, бірліктің және ұжымның ортақ жауапкершілігінің символына айналды. Министрліктің әртүрлі буын, құрылымдық бөлімше және ведомстволық ұйым қызметкерлерінің қатысуы сабақтастықты, командалық рухты және ортақ нәтижеге бірлесіп жұмыс істеуге дайындықты көрсетті.

Велошеру қорытындысы бойынша Қаржы министрі Мәди Такиев жеңімпаздарды дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттап, қатысушыларға зор денсаулық, кәсіби қызметтеріне табыс және жаңа жетістіктер тіледі.

Әйелдер арасында жүлделі орындарға ие болғандар: I орын – Әйгерім Садыбек (Мемлекеттік қазынашылық комитеті); II орын – Әлия Дәулетбаева («Digital Silk Road Company» ЖШС); III орын – Айгүл Сәрсембенова (Мемлекеттік қазынашылық комитеті).

Ерлер арасында: I орын – Әли Қызайбай («Электрондық қаржы орталығы» АҚ); II орын – Айбек Рымтай (Мемлекеттік кірістер комитеті); III орын – Қайрат Сұлтанбеков («Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ).

Қаржы министрлігінде корпоративтік мәдениетті дамыту, қызметкерлер денсаулығын нығайту және біртұтас команда қалыптастыру тиімді мемлекеттік қызметтің маңызды бөлігі екені атап өтілді. Мұндай іс-шаралар ұжым ішіндегі сенімді нығайтуға, құрылымдық бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды арттыруға және ведомство алдындағы міндеттерді сапалы орындауға ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Қаржы министрлігі жүйесінде жаңа Конституция құндылықтарын түсіндіру және насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл жұмысқа аумақтық органдар мен ведомстволық ұйымдар да белсенді қатысады.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда интернет-алаяқтардан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылды

Қазақстанда интернет-алаяқтықпен күрес күшейтіліп, биылғы жылдың басынан бері тіркелген киберқылмыстар саны 7 пайызға төмендеді. Бұл…

Қазақстанда ипотека бойынша максималды мөлшерлеме өзгерді

Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу тәртібі өзгерді. Енді ипотека…

Қазақстанға шетелден көлік әкелу және оны рәсімдеу тоқтатылды

Қазақстанда шетелден әкелінген жеңіл автокөліктерді кедендік рәсімдеуде қиындықтар туындады. Бұл мәселе 30 маусым күні кешкі…