Қаржы

Қаржы агенттігі QR-кодты реттеу мәселесіне қатысты жалған ақпаратты жоққа шығарды

Сурет: gov.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі БАҚ-та тараған өз қызметі туралы жалған ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Агенттіктің мәліметінше, Бірыңғай банкаралық QR-кодты реттеу оның құзыретіне кірмейді. Ұлттық банк туралы заң бойынша QR-код жұмысы мен төлем жүйелерін реттеуді Ұлттық банк жүргізеді. Агенттік банкаралық эквайринг комиссиясын белгілемейді және төлем жүйелерінің тариф саясатын реттемейді.

«Жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді және ресми ақпарат көздерін пайдалануыңызды сұраймыз. Агенттік микроқаржы ұйымдарының қызметін тұрақты қадағалауды жүзеге асыратынын атап өтеміз. Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 2021 жылдан бастап 127 микроқаржы ұйымы мен 135 коллекторлық агенттіктің лицензиясы кері қайтарылды, оның ішінде 2024-2026 жылдары 55 микроқаржы ұйымы мен 29 коллекторлық агенттікке 500 млн теңгеден астам сомаға 1,6 мың әкімшілік айыппұл салынды», — делінген хабарламада.

Агенттіктің қадағалау шаралары нәтижесінде 2025 жылы 33,9 мың қарыз алушының негізгі борышы, сыйақысы, айыппұлдары мен өсімпұлдары толық немесе ішінара есептен шығарылды, 722 мың қарыз алушының берешегі қайта құрылымдалды.

2024 жылы Агенттік пен Ұлттық банктің бірлескен қаулысымен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшерлері төмендетілді: кепілсіз банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша 56%-дан 46%-ға дейін, кепілді қарыздар бойынша 56%-дан 40%-ға дейін, ал 45 АЕК-ке дейінгі онлайн-микрокредиттер бойынша (45 күннен астам) ең жоғары күндік мөлшерлеме 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендетілді.

Қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес құқық қорғау органдарымен, Ұлттық банкпен және қаржы нарығына қатысушылармен ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында жүргізіледі. Алаяқтық операцияларды жедел тоқтату үшін Ұлттық банктің Антифрод-орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың басынан бері 68 млрд теңгеден астам сомаға 163 мыңнан астам алаяқтық операция тоқтатылып, 28,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық операциялар бұғатталды.

Агенттік кредиттерді алаяқтық жолмен ресімдеудің алдын алу үшін заңнамалық шаралар қабылдады: міндетті биометриялық сәйкестендіру, онлайн-кредиттерді беру кезінде шешім қабылдау кезеңі, бірінші кредитті алу кезінде қарыз алушының жеке қатысуы талабы, алаяқтық кредиттер бойынша тергеу кезеңінде сыйақы есептеуге тыйым салу, алаяқтық кредиттерді есептен шығару негіздерін кеңейту. Нәтижесінде 2025 жылы банктер мен микроқаржы ұйымдары 1,6 мың алаяқтық кредитті жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге есептен шығарды.

Көп оқылғандар