Сурет: stopfake.kz
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз қызметі туралы тараған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Бірыңғай QR-кодты реттеу агенттіктің құзыретіне кірмейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ведомствоның хабарлауынша, QR-кодтың жұмыс істеуі мен төлем жүйелерін реттеу Ұлттық банктің құзыретіне жатады. Агенттік банкаралық эквайринг комиссиясын белгілемейді және төлем жүйелерінің тариф саясатын реттемейді.
Агенттік микроқаржы ұйымдарының қызметін тұрақты қадағалап отырады. 2021 жылдан бастап заңнаманы бұзғаны үшін 127 микроқаржы ұйымы мен 135 коллекторлық агенттіктің лицензиясы қайтарылды. 2024-2026 жылдары 55 микроқаржы ұйымы мен 29 коллекторлық агенттікке 500 млн теңгеден астам сомаға 1,6 мың әкімшілік айыппұл салынды.
Қадағалау нәтижесінде 2025 жылы 33,9 мың қарыз алушының негізгі борышы, сыйақысы, айыппұлдары мен өсімпұлдары толық немесе ішінара есептен шығарылды. 722 мың қарыз алушының берешегі қайта құрылымдалды.
2024 жылы агенттік пен Ұлттық банктің бірлескен қаулысымен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлері төмендетілді: кепілсіз қарыздар бойынша 56%-дан 46%-ға, кепілді қарыздар бойынша 56%-дан 40%-ға, ал 45 АЕК-ке дейінгі онлайн-микрокредиттер бойынша ең жоғары күндік мөлшерлеме 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендеді.
Қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес құқық қорғау органдарымен, Ұлттық банкпен және қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп жүргізіледі. Алаяқтық операциялардың алдын алу үшін Ұлттық банктің Антифрод-орталығы нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. 2025 жылдың басынан бері 68 млрд теңгеден астам сомаға 163 мыңнан астам алаяқтық операция тоқтатылып, 28,9 млрд теңгеден астам сомаға операциялар бұғатталды.
Ведомство кредиттерді алаяқтық жолмен ресімдеудің алдын алу үшін заңнамалық шаралар қабылдады: міндетті биометриялық сәйкестендіру, онлайн-кредиттерді беру кезінде шешім қабылдау кезеңі, бірінші кредитті алуда қарыз алушының жеке қатысуы талабы енгізілді. Алаяқтық кредиттер бойынша тергеу жүріп жатқан кезеңде сыйақы есептеуге тыйым салынды, соттан тыс және сот тәртібімен есептен шығару негіздері кеңейтілді. 2025 жылы банктер мен микроқаржы ұйымдары 1,9 млрд теңгеге 1,6 мың алаяқтық кредитті есептен шығарды.
Мазмұнға өту
