Жайық news

Қарашығанақта қуаты жылына 4 млрд текше метр газды кері айдауға мүмкіндік беретін алтыншы компрессор іске қосылды

Сурет: Жайық Пресс

Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы аясында алтыншы компрессор пайдалануға берілді. Оның қуаты жылына 4 млрд текше метрге дейін газды кері айдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты рәсімге Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Энергетика министрлігінің, уәкілетті орган – «PSA» ЖШС-нің, серіктес компаниялардың және КПО басшылығының өкілдері қатысты.

Облыс әкімі 2023 жылдың наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында мұнай-газ саласын одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы компанияның өңірдің әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландыруға және экономикалық өсуді қамтамасыз етуге қосқан үлесін оң бағалады. Бүгін біз еліміздің мұнай-газ саласы үшін маңызды жобаны іске қосып отырмыз, ол мемлекет пен инвесторлардың тиімді ынтымақтастығының көрнекі үлгісі. Халықаралық серіктестерге, инженерлік-техникалық мамандар мен құрылысшыларға, сондай-ақ инвестициялық шешімдер қабылдауға қатысып, міндеттемелердің сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз еткен «PSA» ЖШС уәкілетті органының бас директоры – басқарма төрағасы Бекет Ізбастин бастаған ұжымға алғыс білдіремін», – деді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі жергілікті қамту үлесін ұлғайту, отандық кәсіпорындарды қолдау және халықты жұмыспен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыттары екеніне де назар аударды. Жаңа компрессордың құрылысына шамамен 2 мың жергілікті тұрғын тартылған.

Жоба газ факторын төмендетуге және кен орнында сұйық көмірсутектер өндірудің тұрақты деңгейін ұстап тұруға бағытталған. Алтыншы компрессордың сәтті іске қосылуы Қарашығанақ тарихындағы жаңа кезеңнің бастауын білдіреді және КПО-ның әлемдік деңгейдегі ірі жобаларды жүзеге асыру әлеуетін көрсетеді.

КПО сондай-ақ облыстағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға елеулі үлес қосатынын атап өткен жөн. 2025–2026 жылдары 24 жоба толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың арқасында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысқан өңір тұрғындары компания өнімдерін 1,3 млрд теңгеге сатты. Қолдау шаралары кешені ең алдымен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Көп оқылғандар