Жайық news

Қарашығанақта ПРК-1 бірінші кезеңі аяқталды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақты кеңейту жобасының (ПРК-1) бірінші кезеңі толығымен аяқталды. Жобаның қорытынды сатысы газды кері айдаудың алтыншы компрессорын іске қосу болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоба қабат қысымын ұстап тұруға, сұйық көмірсутектер өндірудің қол жеткізілген деңгейін сақтауға және Қазақстанның ірі газ-конденсат кен орындарының бірін одан әрі тиімді игеруге бағытталған.

Жобаның аяқталғаны туралы 2026 жылғы 17 қарашада Қарашығанақ кен орнын игеріп жатқан «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы хабарлады. Жаңа қуаттар көмірсутек өндіруді тұрақты ұстауға мүмкіндік береді.

ПРК-1 шеңберінде бұған дейін газды кері айдаудың бесінші компрессоры іске қосылған болатын. Алтыншы компрессорды пайдалануға беру өндірістік инфрақұрылымды кеңейтудің кезекті кезеңін аяқтады.

ПРК-1 аяқталуына орай Қарашығанақ кен орнында ресми салтанат өтті. Оған Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, «PSA» ЖШС-нің, Батыс Қазақстан облысы мен Бөрлі ауданы әкімдіктерінің өкілдері, Қарашығанақ жобасының серіктес компаниялары және КПО басшылығы қатысты. Қатысушылар жаңадан іске қосылған жабдықтың жұмысымен және жоба аясында жүзеге асырылған технологиялық шешімдермен танысты.

«ПРК-1 аса күрделі әрі ауқымды жоба болды, алайда командамыздың ұйымшылдығының және Қазақстан Үкіметі мен акционерлермен тығыз ынтымақтастықтың арқасында біз оны сәтті жүзеге асырдық. Олардың тұрақты қолдауы жобаны белгіленген мерзімде қауіпсіз аяқтауға және ортақ мақсаттарымызға жетуге шешуші рөл атқарды», — деп атап өтті КПО бас директоры Марко Марсили.

Қарашығанақ әлемдегі ірі газ-конденсат кен орындарының бірі саналады және Қазақстанның мұнай-газ саласында маңызды орын алады. Кен орнының өндірістік қуаттары технологиялық ерекшеліктері мен көмірсутек өндірудің тұрақтылығын сақтау қажеттілігіне сай кезең-кезеңімен дамытылып келеді.

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) Қарашығанақ мұнай-газ-конденсат кен орнын игеруді жүзеге асырады. Консорциумға Eni (29,25%), Shell (29,25%), Chevron (18%), ЛУКОЙЛ (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) кіреді.

Көп оқылғандар