Қаржы

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа 16 мыңнан астам адам келісім берді

Сурет: Ашық дереккөз

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 150 ағза трансплантациясы жасалды. Оның ішінде 108 бүйрек, 31 бауыр, 5 жүрек, 2 өкпе және 4 қасаң қабық трансплантациясы орындалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, операциялардың 121-і тірі донорлардан, ал 29-ы қайтыс болған донорлардан жасалған. Соңғыларының қатарында бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және қасаң қабық трансплантациялары бар.

Биылғы алты айда 108 әлеуетті қайтыс болған донор анықталды. Оның 7 жағдайда мультиағзалық алу жүргізілген.

Электрондық үкімет порталы арқылы 172 283 азамат қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын білдірген. Оның ішінде 16 109 адам келісім берсе, 156 174 азамат бас тартқан.

2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша, трансплантацияны күту тізімінде 4 739 пациент, оның ішінде 125 бала бар.

Қазіргі таңда Қазақстандағы трансплантация қызметінің инфрақұрылымы 20 өңірді, 40 донорлық ұйымды және 11 трансплантация орталығын қамтиды.

Соңғы екі жылда 500-ге жуық медицина қызметкері арнайы даярлықтан өтті. Сондай-ақ халықаралық клиникалық тәжірибелер енгізіліп, трансплантациялық көмекті ұйымдастыру жүйесі жетілдіріліп келеді.

Көп оқылғандар