Сурет: Egemen Qazaqstan
Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде кипрлік «Омонияны» пенальти сериясында жеңді. Алматыдағы Орталық стадионда өткен қарымта ойын негізгі уақытта 1:0 есебімен аяқталып, пенальти сериясында «Қайрат» 6:5 есебімен басым түсті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алғашқы матч Никосияда өтіп, «Омония» 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Сол ойында кипрлік клуб 34-минуттан бастап он ойыншымен қалса да, басымдықты сақтап қалды. Сондықтан «Қайратқа» келесі кезеңге өту үшін кемінде екі доп айырмасымен жеңіс қажет болды.
Алматыдағы кездесуде де 26-минуттан бастап «Омония» бір ойыншыға кем ойнады. Кипрлік команданың футболшысы Андроникос Какулли алаңнан қуылды. Осыдан кейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин шабуыл шебін күшейтуге шешім қабылдап, қорғаушылар Лев Кургин мен Дамир Қасабулатты алаңнан шығарып, орнына шабуылшылар Испаил Бекболат пен Эдмилсонды шығарды.
Бұл ауысым бірден нәтиже берді. 37-минутта Эдмилсон есеп ашып, екі матч қорытындысы бойынша тепе-теңдік орнатты. Үзіліске дейін де, негізгі уақыттың соңына дейін де есеп өзгермеді, сөйтіп ойын қосымша уақытқа жалғасты.
Қосымша таймдардың аяқталуына он минут қалғанда кипрлік клуб екінші қызыл қағазын алып, алаңда тоғыз ойыншымен қалды. «Қайрат» сан жағынан басымдыққа ие болғанымен, оны пайдалана алмады. Кездесу жеңімпазды анықтау үшін пенальти сериясына ұласты.
Пенальти сериясының алғашқы кезеңінде де жеңімпаз анықталмады. Есеп 4:4 болды. Екінші кезеңде командалар бір-біріне гол соқты. Барлығы жетінші соққыға дейін созылды. «Қайрат» ойыншысы Мансұр Берқұрманов өз мүмкіндігін мүлт жібермеді, ал алматылық клубтың қақпашысы Темірлан Анарбеков Панайотудың соққысын қайтарып, матчтың басты қаһарманы атанды.
Осы жеңістен кейін «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде болгариялық «Левски» мен румыниялық «Университатя» (Крайова) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Мазмұнға өту
