Сурет: istockphoto.com
27 шілдеден бастап Қазақстанда пошта қызметін көрсету ережелері жаңартылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа ереже бойынша тіркелетін пошта жөнелтілімдерін алушының өзі немесе сенімхат иесі ғана емес, алушының алдын ала келісімімен үшінші тұлға да ала алады. Ол үшін PIN-кодты енгізу немесе штрих-кодты сканерлеу жеткілікті.
Пошта операторлары цифрлық жүйелер мен электрондық сервистерді кеңінен қолданады. Клиенттер жөнелтілімнің қабылданғаны, жеткізілгені, табысталғаны немесе кері қайтарылғаны туралы электрондық хабарламалар алады. Барлық рәсімдер цифрлық форматта расталуы мүмкін.
Гибридті пошта жөнелтілімдері де қарастырылған. Мысалы, хат алдымен электрондық форматта жіберіліп, кейін оператор оны қағазға шығарып, адресатқа жеткізе алады. Керісінше, қағаз хатты электрондық хабарламаға айналдыру мүмкіндігі де енгізіледі.
Жеке деректерді қорғау талаптары күшейтіледі. Пошта жөнелтілімін қабылдау немесе табыстау алдында оператор пайдаланушының жеке деректерін жинауға, пайдалануға және сақтауға келісім алуы тиіс. Келісім қағаз немесе электрондық форматта, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы рәсімделеді.
Ішкі пошта ақша аударымдарының сомасына қойылған шектеу алынып тасталады. Енді Қазақстан ішінде пошта арқылы кез келген көлемде ақша аударуға болады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Халықаралық пошта одағының рейтингінде «Қазпошта» 52-орыннан 39-орынға көтерілген.
Мазмұнға өту
