Сурет: Egemen Qazaqstan
АҚШ Қорғаныс министрлігі бұрын құпия сақталған НЛО-ға қатысты материалдардың төртінші топтамасын жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Ашық, қолжетімді барлығы 40 құжат шығарылды. Олардың қатарында мәтіндік есептер, бірегей аудиожазбалар мен бейнематериалдар бар. Бұл деректерді АҚШ әскери құрылымдары, Орталық барлау басқармасы, Федералдық тергеу бюросы және NASA жинақтаған.
Жарияланған архивтерде өткен ғасырдағы оқиғалармен қатар, АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты қолбасшылығының жауапкершілік аймағында соңғы жылдары тіркелген бақылаулар да қамтылған. Ең назар аударарлық материалдардың бірі әскери авиацияда 28 жыл қызмет еткен тәжірибелі ұшқыштың рапорты. Ол тапсырманы орындау кезінде белгісіз ұшатын нысанға тап болғанын айтып, оның қозғалысы мен техникалық ерекшеліктері бұрын-соңды көрген ешбір әуе техникасына ұқсамағанын мәлімдеген.
Сондай-ақ құжаттар арасында АҚШ әуе барлауының 2025 жылы түсірген жаңа материалдары бар. Жылу камерасына түсірілген бейнежазбада Қытай әуе кеңістігіне жақын маңда алты қырлы жұлдыз пішініндегі белгісіз нысанның жоғары жылдамдықпен маневр жасағаны көрсетілген. Бұдан бөлек, көпшілікке Манхэттен жобасына қатысқан жетекші физиктердің Лос-Аламоста өткен жабық жиынының стенограммасы да ұсынылды. 1949 жылғы құжаттарда АҚШ-тың құпия ядролық нысандарының үстінде жиі байқалған жұмбақ жасыл отты шарлардың табиғатын ғалымдардың анықтай алмағаны айтылған. Олар бұл құбылыстың метеориттерге қатысы жоқ деген қорытындыға келген.
Аномальды құбылыстарды зерттейтін АҚШ-тың арнайы басқармасы (AARO) мұндай материалдарды жариялау жұмыстың ашықтығын арттыру мақсатында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар мамандар бірқатар тіркелген нысандардың шығу тегі мен табиғаты қазіргі ғылым тұрғысынан әлі де түсіндірілмегенін атап өтті.
Мазмұнға өту
