Сурет: ашық дереккөзден
Парагвайда 3 миллионнан астам адам, яғни ересек тұрғындардың шамамен 60 пайызы банк шоттарындағы қаражатын пайдалана алмай отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Парагвайдың Орталық банкі Ueno Bank-тің төлем қабілеттілігіне күмән туғызғаннан кейін оның қызметін бақылауға алды. Реттеуші органның араласуынан соң банктің мобильді қосымшасы бұғатталып, несие карталары мен ақша аударымдары тоқтатылды.
Қаржылық қиындыққа тап болғандардың қатарында мемлекеттік зейнетақы қоры — IPS те бар, оның банкте шамамен 380 миллион доллары орналасқан.
Қазіргі уақытта билік банкті таратып, кейін оның несие портфелін сатуды қарастырып жатыр. Салымшылардың шамамен 98 пайызына өтемақы төленуі мүмкін, алайда облигация иелеріне сақтандыру тетігі қолданылмайды.
Сонымен қатар прокуратура банк басшылығы мен Grupo Vázquez холдингінің жетекшісін қоса алғанда, сегіз адамды қамауға алу туралы шешім шығарды.
Бұл жағдай ел президенті Сантьяго Пеньяға да қатысты саяси дау тудырды. Ол 2025 жылдың наурызына дейін Ueno холдингінің үлескері болған. Ал билікке келгеннен кейін аталған банкте орналастырылған мемлекеттік қаражат көлемі шамамен 800 миллион долларға дейін өскен.
Ал Бельгияда бюджет дауы шықты. Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер бюджет мәселесі бойынша коалиция мүшелері ортақ келісімге келе алмаған соң король Филиппке отставкасын ұсынды. Монарх әзірге өтінішке қатысты шешім қабылдаған жоқ.
Мазмұнға өту
