Қаржы

«Отбасы банк» телефон нөмірі арқылы аударымдар жүйесіне қосылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

«Отбасы банкте» депозит толықтыру және несие өтеу процесі жеңілдетілді. Енді азаматтар басқа банктердің мобильді қосымшаларында төлем жасау кезінде ұзын банктік деректемелердің орнына тек өз телефон нөмірін көрсетсе жеткілікті. Қаражат шотқа лезде түседі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл мүмкіндік банктің Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылуының арқасында пайда болды. Жаңа сервис «Отбасы банктегі» ағымдағы шоттан жүйеге қатысушы өзге банктердегі шоттарға қаражат аударуға да мүмкіндік береді.

Қызметті пайдалану үшін клиенттің «Отбасы банкте» ағымдағы шоты болуы тиіс. Төлемдерді otbasybank.kz порталындағы жеке кабинет немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы жасауға болады.

Кіріс аударымдар үшін клиент өз банкінің мобильді қосымшасына кіріп, «Аударымдар» бөлімінде «Телефон нөмірі бойынша» батырмасын таңдап, нөмірін енгізуі керек. Қаражат қабылдайтын банктер тізімінен «Отбасы банкті» таңдап, соманы көрсетіп, операцияны растау қажет. Қаражат ағымдағы шотқа түскен соң, оны депозит толықтыруға немесе несие төлеуге пайдалануға болады.

Шығыс аударымдар үшін otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетте немесе мобильді қосымшада «Шоттар» бөлімінен «Ағымдағы шоттарды», содан кейін «Телефон нөмірі бойынша аударымды» таңдап, нөмірді енгізу керек. Жүйе клиенттің шоты ашылған банктерді автоматты түрде көрсетеді. Банкті таңдап, соманы көрсетіп, операцияны растау жеткілікті.

Жыл басынан бері 538 502 азамат баспананы тиімді шарттармен сатып алу үшін жаңа жинақ шоттарын ашқан. Тұрғын үй жинақтары «Отбасы банктен» жылдық мөлшерлемесі 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі несие алуға мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар