Сурет: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы
Пәкістанның Лахор қаласында таеквондодан дәстүрлі Президент кубогі үшін халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан қоржынына екі медаль түсті. Әйелдер арасында 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Рита Бакишева мен Нұрай Бауыржанова қола жүлдегер атанды. Отандастарымыз жартылай финалда қарсыластарынан ұтылып қалды.
Биылғы додаға әлемнің 49 елінен 427 спортшы қатысуда. Жарыс 20 тамызда мәреге жетеді. Қазақстан командасының құрамында 15 таеквондошы бақ сынайды.
Еске салайық, маусым айында Қазақстан жастар құрамасы Kazakhstan Open халықаралық турнирінде топ жарған еді. Сол кезде спортшылар 5 алтын, 6 күміс, 16 қола жүлдеге ие болды.
Шілде айында еліміздің таеквондошылары Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында өткен халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетіп, 21 медальмен елге оралды. Бұл додада ұлттық құрама 7 алтын, 6 күміс, 8 қоланы иеленді.
Мазмұнға өту
