Сурет: istockphoto.com
Отбасы банк кепілге қабылданатын тұрғын үй нысандарына қойылатын талаптарды жаңартты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Енді бетон және керамзитбетон негізіндегі панельді үйлердегі пәтерлерді кепілге қоюға болады. Бұл ретте несиеге өтінім берілген күнгі үйдің пайдалану мерзімі 60 жылдан аспауы тиіс. Бұған дейін бұл талап 50 жылды құраған.
Сонымен қатар құрылыс компаниясы салған СИП-панельді жеке тұрғын үйлерді де кепілге рәсімдеуге мүмкіндік берілді. Мұндай үйлердің пайдалану мерзімі несиеге өтінім берілген кезде бес жылдан аспауы қажет.
Бұл санаттағы үйлердің СИП-панельдерге арналған сәйкестік сертификаты болуы керек. Сондай-ақ үйдің іргетасы темірбетон плиталардан, бетоннан немесе қиыршық тастан жасалған суға төзімді материалдардан тұруы қажет.
Бұдан бөлек, тұрғын үйдің ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары толық аяқталған болуы тиіс. Үй су, жылу, кәріз және электр желілері сияқты қажетті инженерлік коммуникацияларға қосылуы керек.
Еске сала кетейік, елімізде ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу тәртібі өзгерді. Енді ипотека мөлшерлемесі бастапқы жарнаның көлеміне байланысты белгіленеді.
Мазмұнға өту
