Қаржы

Отбасы банк Директорлар кеңесінің төрағасы болып тәуелсіз директор сайланды

Сурет: Mastercard

«Отбасы банк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне банктің тәуелсіз директоры Санжар Жамалов сайланды. Бұл шешім жалғыз акционер – «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ ұсынысы негізінде қабылданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл қадам «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобында корпоративтік басқаруды жетілдіру, тәуелсіз директорлар институтын нығайту және халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болып табылады. Тәуелсіз директордың кеңеске төрағалық етуі стратегиялық басқарудың тиімділігін арттырып, кеңестің тәуелсіздігін күшейтеді және басқарушылық шешімдердің сапасын жақсартады.

Бұл шешім Қазақстанның тұрғын үй саясатын іске асыратын негізгі даму институттарының бірі – Отбасы банк үшін маңызды. Банк азаматтарға тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға, жеңілдікті ипотекалық бағдарламаларды пайдалануға және тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған басқа да қаржылық құралдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік маңызы жоғары ұйымдар үшін тиімді корпоративтік басқару тұрақты дамуды, тәуекелдерді басқаруды және қоғам сенімін нығайтуды қамтамасыз етеді. Бұл ESG қағидаттарына сәйкес келеді. Директорлар кеңесінің төрағасы кеңес жұмысын үйлестіруде, стратегиялық басымдықтарды айқындауда және мүшелердің өзара іс-қимылын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тәуелсіз директордың төрағалық етуі шешімдердің объективтілігін күшейтіп, кеңес жұмысының тиімділігін арттырады және акционер мен мүдделі тараптардың мүдделер теңгерімін сақтайды. Қазақстанда бұл тәжірибені дамыту кәсіби қауымдастықтың назарында. «Бәйтерек» холдингінің өкілдері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің құрамына кіреді. Кеңес аясында корпоративтік басқаруды жетілдірудің заманауи тәсілдері, соның ішінде тәуелсіз директорлардың рөлін күшейту және оларды түрлі салалардағы компаниялардың директорлар кеңесіне төраға етіп сайлау тәжірибесін кеңейту мәселелері қарастырылады.

Отбасы банк Директорлар кеңесінің төрағасы болып тәуелсіз директордың сайлануы «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобында корпоративтік басқарудың заманауи үлгісін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Бұл тәсіл халықаралық стандарттарға сай келеді, тәуелсіз бақылауды күшейтуге, стратегиялық басқару сапасын арттыруға және мемлекет үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындайтын ұйымдардың ұзақ мерзімді орнықты дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Көп оқылғандар