Әлем

Ормуз бұғазы арқылы кеме жүзуі әзірге мүмкін емес — Иран билігі

Сурет: Anadolu

Иранның Парсы шығанағын бақылау басқармасы АҚШ әскерінің өңірдегі соңғы «заңсыз әрекеттеріне» байланысты Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуі әзірге мүмкін емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство X әлеуметтік желісіндегі хабарламада айтылғандай, өңірдегі жағдай тұрақталып, қауіпсіздік толық қалпына келгеннен кейін бұғаз арқылы өтуге берілген барлық өтінім белгіленген тәртіппен қаралып, қажетті рұқсаттар беріледі.

Басқарма Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат тек PGSA.ir ресми сайты арқылы рәсімделетінін атап өтті.

Бұған дейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X желісінде америкалық әскерилер осы аптада Иранға қарсы үшінші рет соққы жасағанын хабарлаған. АҚШ тарапы бұл әрекетті Ормуз бұғазында ирандық күштердің тағы бір сауда кемесіне жасаған шабуылына жауап деп түсіндірді.

Жексенбіге қараған түні Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазында «тәртіп бұзған кемені» тоқтатқанын мәлімдеді. Онда кеме навигациялық жүйесін өшіргені, ал оны тоқтатар алдында ескерту ретінде оқ атылғаны айтылған.

Кейін КСИР АҚШ-тың өңірдегі әскери базаларына жауап соққылары барысында Ормуз бұғазында тағы бір «тәртіп бұзған кеме» тоқтатылғанын хабарлады.

Еске сала кетсек, АҚШ Ормуз бұғазы маңындағы Иран нысандарына тағы да соққы жасады. Ал БҰҰ басшысы Иран мен АҚШ-ты келіссөзді шұғыл қайта бастауға шақырды.

Көп оқылғандар