Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласындағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық ғылыми-әмбебап кітапханасында педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Светлана Бахишеваның «Туған ауыл» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кітап Тасқала ауданындағы Карташово ауылының тарихына арналған. Онда ауыл тұрғындарының тағдырына әсер еткен тарихи оқиғалар баяндалады. Басылымда жерлестердің естеліктері, фотосуреттер мен бірнеше ұрпақтың өмір шежіресі жинақталған. Кітап өскелең ұрпаққа туған өлкенің тарихын зерттеуге бағыт-бағдар бола алады. Өлкетанушылар, студенттер, оқытушылар мен тарихшылар бұл еңбектен мол материал табады.
Кітап авторын жерлестері және Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакиров құттықтады. Ол Светлана Мендыгалиеваға символдық сыйлық табыс етіп, оған шығармашылық табыс тіледі.
Карташово ауылының тарихы аса қызықты болып шықты. Мәселен, 30-жылдары ауыл ата-бабалары ашаршылықтан қалың қамыс тоғайларында тығылып, түліктерін тәркілеуден қорғаған. Автордың жерлестері Жайық өңірінің тарихын көркем табиғаты мен құнарлы жерлері бар өлке ретінде де әңгімеледі. Ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар аясында мұнда жастар келіп, шаруашылықтарын дамытады деп үміттенеді. Сонда Карташово тарихы жаңа серпін алады.
– Бұл – туған ауыл туралы кітап жазу деген тамаша еңбек, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының БҚО бойынша төрағасы Дариға Мұштанова. – Светлана Мендыгалиқызының кітабы көп нәрсе туралы ойлантады. Онда өткені мен бүгіні және өзара құрметі арқылы байланысқан 50-ге жуық отбасының өмірі сипатталған. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы туралы тарих. Көп адамның жүрегінде кіші Отанға деген сағыныш бар. Өкінішке қарай, бүгінде кейбір ауылдар жойылуға таяу. Ал бұрын ол жерлерде өмір қайнап, мектептер лық толы болатын. Қазір бұл аумақтар босап, көңілге қаяу түседі. Карташово алыс – Ресеймен шекарада, сондықтан мұндай ауылдарға қолдау қажет.
Айта кетейік, Светлана Бахишева – 100-ден астам басылымның, оның ішінде 20-дан астам оқулық пен оқу құралының және үш монографияның авторы. Ол алты ғылыми шығармаға авторлық куәлік алған. Оның ғылыми зерттеу нысандары: білім беруді цифрлық трансформациялау процесі, онлайн және аралас оқыту технологиялары, білімге ЖИ енгізу, педагогикалық дизайн және жобалау, цифрлық оқыту дидактикасы, білім менеджменті және т.б. Ол «Ы. Алтынсарин» (2020 ж.), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2001 ж.) және «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2024 ж.) төсбелгілерімен марапатталған.
