Жайық news

Оралда супермаркеттерден ұрлық жасаған күдікті ұсталды

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласындағы базар маңындағы супермаркеттердің бірінде ұрлық тіркелді. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол — Орал қаласының 44 жастағы тұрғыны, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Алдын ала деректерге сәйкес, ер адам тауарлардың сөрелерде ашық тұрғанын пайдаланған. Ол шампуньдерді курткасының қалталарына жасырып, кейін біраз уақыт дүкенді аралап, қажетті тауар таңдап жүргендей кейіп танытқан. Сосын еш күдік тудырмай супермаркеттен шығып кеткен. Алайда ол мұнымен тоқтамаған. Кейінірек сол дүкенге қайта оралып, дәл осылай Merci шоколадын ұрлаған — қораптарды курткасының оң және сол қалталарына тыққан.

Анықталғандай, күдікті осы супермаркеттен барлығы 11 құты шампунь мен 14 қорап Merci шоколадын ұрлаған.

Бірнеше күннен кейін ер адам базар маңындағы тағы бір супермаркетке барып, 8 қорап Merci шоколадын курткасының астына жасырып алып шыққан. Тағы бір-екі күннен соң күдікті келесі супермаркетке кіріп, сауда сөрелерінде ашық тұрған 10 құты дезодорантты ұрлаған.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жариялауға жатпайды.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері сауда нысандарын қауіпсіздік шараларын күшейтуге, бейнебақылау камераларын орнатуға, сондай-ақ тауарларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Көп оқылғандар