Жайық news

Оралда су және кәріз жүйелері жаңартылуда

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласында сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстар инвестициялық бағдарлама мен энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті «Батыс су арнасы» ЖШС нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды. Қаланың су құбыры желілерінің ұзындығы 483,5 км, кәріз желілерінікі – 377,4 км. Инфрақұрылымның едәуір бөлігі жаңартуды қажет етеді: су құбыры желілерінің тозуы 60,4%, кәріз желілерінікі – 61,2%.

Департамент басшысының міндетін атқарушы Санжар Жаманкуловтың айтуынша, «Батыс су арнасы» ЖШС инвестициялық бағдарламасы 2021–2026 жылдарға арналған бесжылдық кезеңді қамтиды. Ол нысандарды реконструкциялау мен жаңғыртуды, жабдықтарды жаңартуды, су шығыны мен электр энергиясы шығындарын азайтуға бағытталған энергия және ресурс үнемдеу шараларын көздейді. Қаржыландыру көзі – кәсіпорынның өз қаражаты мен амортизациялық аударымдар.

– 2026 жылға бекітілген инвестбағдарламаның жалпы көлемі реттелетін қызметтер бойынша 376,4 млн теңгені құрайды. Оның 204,6 млн теңгесі сумен жабдықтауға, 171,8 млн теңгесі кәрізге қарастырылған. Бүгінгі таңда 263,49 млн теңге сомасына жұмыстар аяқталды, бұл 54%-ды құрайды. Сумен жабдықтау шараларына 143,2 млн теңге, кәрізге – 120,29 млн теңге бағытталды. Қалған шаралар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады, – деді С. Жаманкулов.

Сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Батыс су арнасы» нысандарына тағы 5,83 млрд теңге қарастырылған. Оның 1,71 млрд теңгесі сумен жабдықтауға, 4,12 млрд теңгеден астамы кәрізге тиесілі. Бүгінгі күнге 3,7 млрд теңге немесе қарастырылған қаражаттың 63%-ы игерілді.

Баспасөз турына қатысушылар тозу деңгейі шамамен 80%-ды құрайтын КНС-29 нысанының реконструкциясымен танысты. Жобаның жалпы сметалық құны – 1 816 358 078 теңге. Құрылыс мерзімі – 13 ай. Мердігерлік жұмыстарды «КСG» ЖШС орындайды, аяқталуы 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

– Жобада әрқайсысының қуаты 290 кВт болатын Flygt CZ 3240 SA23-146 маркалы үш сорғы агрегатын орнату қарастырылған. Сонымен қатар, әрқайсысының өнімділігі 24 м³/сағат және қуаты 2,2 кВт болатын екі дренаждық сорғы орнатылады. Жобаны іске асыру Зачаганск кентінің кәріз жүйесінің тиімді жұмысын қамтамасыз етуге, қосымша абоненттерді қосуға және тәулігіне 14 700 м³-ге дейінгі көлемде ағынды суларды бұруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ инженерлік желілердің тозуы 2%-ға, апаттылық 0,01%-ға дейін төмендейді деп күтілуде, – деді «Батыс су арнасы» ЖШС күрделі құрылыс бөлімінің инженері Ақылбек Сералиев.

Көп оқылғандар