Жайық news

Оралда коммуналдық авариялар кезінде халықты ақпараттандыру бойынша семинар өтті

Сурет: Жайық Пресс

Оралда «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жобалық кеңсесінің өкілдері кризистік коммуникациялар бойынша семинар-тренинг өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға энергетика және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының қызметкерлері, бейінді басқармалардың басшылары және табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері қатысты. Кездесулер қажеттілігі коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жөніндегі ауқымды жұмыспен байланысты.

Ұйымдастырушылар дәстүрлі дәріс форматынан бас тартып, қатысушыларға іскерлік ойын ұсынды. Төрт командаға бөлінген өкілдер нақты практикалық жағдайлармен жұмыс істеді.

«Ұлттық жоба аясында біз елдің әртүрлі өңірлеріне барып, осындай семинар-тренингтер өткіземіз. Біздің міндетіміз – мамандармен бірге дағдарыс жағдайларындағы іс-қимыл алгоритмдерін пысықтау, оның ішінде халықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен дұрыс коммуникация құруды үйрену», – деді МЭКС жобалық кеңсесінің медиа-менеджері Асқар Жалдинов.

Оның айтуынша, ұйымдастырушылар әр өңір үшін жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, жеке сценарийлер дайындайды.

Батыс Қазақстан облысында МЭКС ұлттық жобасы жалпы құны 28,4 млрд теңге болатын 14 жобаны іске асыруды көздейді. Жұмыстар жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру, электрмен жабдықтау бағыттарын қамтиды.

Көп оқылғандар