Жайық news

Оралда интернет-алаяқтық ұйымдастырды деген күдікті дропповодтың әрекеті тоқтатылды

Сурет: Жайық Пресс

Оралда БҚО ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтық ұйымдастырды деген күдікті дропповодтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Анықталғандай, күдікті тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды іздеп, оларға ақшалай сыйақы үшін банктік шоттар мен карталарды рәсімдеуді, верификациядан өтуді және оларға қолжетімділікті беруді ұсынған.

Барлығы 40-қа жуық дроппер анықталды. Кейін олардың банктік шоттары мен карталары интернет-алаяқтық салдарынан азаматтардан ұрланған ақшаны аудару үшін пайдаланылған.

Тінту кезінде күдіктіден 732 мың теңге, 14 телефон, SIM-карталар және банктік карталар алынды.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты сот қамауға алуды санкциялады, тергеу жалғасуда, қосымша эпизодтар мен дропперлікке қатысушылар анықталуда.

Полиция еске салады: банктік шоттар мен карталарды үшінші тұлғаларға беру үшін рәсімдеу, сондай-ақ сыйақы үшін мобильді банкингке қолжетімділік беру қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Көп оқылғандар