Саясат

«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҮГІТ-НАСИХАТ ТОБЫ ПЕДАГОГТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

«Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында өңірлік штаб мүшелері білім беру секторының өкілдерімен, педагогтар қауымымен кездесті. Спикерлер «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында партия атынан ұсынылған кандидат Тұрарбек Тлемисов пен Орал қалалық кітапханалар жүйесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ганди Шамкелова партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарына тоқталып, білім беру жүйесін модернизациялау, педагог мәртебесін институционалды түрде нығайту және өскелең ұрпаққа сапалы білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелерін сөз етті.

«Өздеріңізге белгілі, 23 тамыз — еліміздің саяси өміріндегі ең маңызды күндердің бірі. Бұл күні Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл саяси науқанның басты ерекшелігі — жаңа Конституция шеңберінде бір палаталы Құрылтай депутаттарының анықталуында. Бұл сайлауға тіркелген 7 саяси партия қатысады. Солардың бірі — 2026 жылы құрылған жаңа «Әділет» партиясы. Партияның негізгі құндылықтары жауапкершілік пен патриотизм, заң мен тәртіп және еңбекқорлық пен шынайы өзгерістерге ұмтылу. Партиямыз сайлауалды науқанға «Әділетті болашақ үшін» атты бағдарламасымен түсіп жатыр. Бағдарлама ел дамуының 7 стратегилық мақсаты мен 10 басым бағытын қамтиды.

Негізгі басымдықтарын атап өтсем, әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыру, отбасыларға қолайлы жағдай жасау, кез келген азаматтың өз білімі мен адал еңбегінің арқасында табысқа жетуіне мүмкіндік беру, әрбір тұрғынға шаққандағы тұрғын үй көлемін нормаға сай ұлғайту, сондай-ақ үлесскерлердің құқықтарын заңды түрде қорғау және профилактикалық медицина мен алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту арқылы халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту. Партиямыз Президент реформаларын толық қолдайды және әділеттілік орнатуды көздейді. Баршаңызды 23 тамыз күні өтетін сайлауда белсенділік танытып, дауыс беруге шақырамын!»,-деді Ганди Изтурганқызы.

Жиын соңында қатысушыларға «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері ақпараттық парақшалар таратты.

Көп оқылғандар