Қаржы

«Бәйтерек» холдингі 2033 жылға дейінгі жаңартылған Даму жоспарын бекітті

Сурет: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, онда холдингтің қызметі мен одан әрі дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында директорлар кеңесі холдингтің 2024-2033 жылдарға арналған даму жоспарын жаңартуды мақұлдады. Өзгерістер «Бәйтеректің» мемлекеттік инвестициялық саясатты жүзеге асырудағы рөлін күшейтуді, жеке капиталды тарту тетіктерін кеңейтуді және инвестициялық бастамаларды қолдаудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруды көздейді.

Жаңа модель үш стратегиялық бағытты қамтиды: активтерді тиімді басқару, қуатты бизнесті дамыту үшін жағдай жасау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру.

Негізгі басымдық – экономиканың нақты секторын ауқымды қаржыландыру. Холдинг республикалық бюджеттен жыл сайын 1 трлн теңге капитал алып, кәсіпкерлік блогын қаржыландырудың жылдық көлемін 8 трлн теңге деңгейінде сақтауды жоспарлап отыр. 2026 жылдың басынан бері барлық қолдау құралдары бойынша, оның ішінде тұрғын үй бағытын ескере отырып, жалпы қаржыландыру 6,9 трлн теңгені құрады, оның 5,1 трлн теңгесі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.

Қаржылық модель бюджет қаражатына тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетуді көздейді. 2029 жылдан бастап нарықтық қаржы көздерін кеңейту есебінен бюджеттік қаржыландыруды біртіндеп алмастыру жоспарланған.

Жаңартылған Даму жоспары холдингтің стратегиялық инвестор және инвестициялық экожүйенің негізгі қатысушысы ретіндегі рөлін бекітеді. Басымдық – жобаларды сапалы дайындауға, жеке инвестицияларды тартуға және екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимылды кеңейтуге беріледі.

Холдингтің жұмысы «инвестицияларға тапсырыс» қағидаты бойынша жаңа инвестициялық цикл аясында ұйымдастырылады. Бұл экономиканы әртараптандыруға және шикізаттық емес секторды қолдауды кеңейтуге бағытталған.

Директорлар кеңесі сондай-ақ холдингтің 2025 жылғы жылдық есебін бекітті. ESG-көрсеткіштер алғаш рет бүкіл компаниялар тобы бойынша шоғырландырылған негізде ұсынылды.

Сонымен қатар Корпоративтік басқару кодексінің және орнықты даму саласындағы саясаттың талаптарына сәйкес әзірленген 2025 жылғы орнықты даму туралы есеп бекітілді.

Қабылданған шешімдер холдингтің инвестициялық рөлін күшейтуге, ашықтықты арттыруға және корпоративтік басқаруды жетілдіруге бағытталған.

Көп оқылғандар