Сурет: Жайық Пресс
Оралда Ұлттық ұлан әскери қызметшілері Киров саябағында адасып, үйіне жол таба алмай қалған балаға көмектесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Патрульдік бағыт бойынша жүріп келе жатқан әскери қызметшілер ересектерсіз жүрген баланы байқаған. Гвардияшылар жағдайды анықтап, ата-анасын табу үшін қажетті шараларды қолданған.
Патрульдік топ құрамына әскери наряд бастығы ефрейтор Ерасыл Ибрашев, патрульдер Данияр Алихан және қатардағы жауынгер Диас Жолдасов кірген. Олардың сергектігі мен үйлесімді әрекеттерінің арқасында ата-анасының орны тез анықталып, баланың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген.
«Баламның адасып қалғанын білгенде қатты уайымдадым. Әскери қызметшілерге өтіп кетпей, баламды тауып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткендері үшін алғыс айтамын. Мұндай жағдайлар әскери қызметшілердің қызмет кезіндегі сергектігі мен жауапкершілігінің маңыздылығын тағы бір көрсетеді», — деді баланың анасы.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі атап өткендей, гвардияшылар үшін азаматтарға көмек көрсету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтік борыштың ажырамас бөлігі болып табылады.
