Сурет: Жайық Пресс
Қостанайда жасөспірімдер арасындағы шаңғы жарысынан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Облыс өкілдері жоғары нәтиже көрсетіп, тоғыз медаль жеңіп алды.
Сайысқа еліміздің 12 өңірінен 430-дан астам жас спортшы қатысты. Батыс Қазақстан облысының командасы аймақты лайықты таныстырып, қорытындыда 9 медаль – бес алтын, екі күміс және екі қола иеленді.
2011–2012 жылғы ұлдар арасындағы бес шақырымдық кросс-жарыста Алишер Маликов жеңімпаз атанды. Сол жастағы қыздар арасында үш шақырым қашықтықта Анастасия Соколова жүлделі орынға ие болды. 2009–2010 жылғы қыздардың классикалық жарысында 7,5 шақырымды Жанерке Тудахунова ең жылдам жүріп өтті. Тағы бір жеңісті Лейла Мукатова 2011–2012 жылғы қыздар арасында бес шақырымда тіркеді.
Еркін жүрісте де БҚО спортшылары сәтті өнер көрсетті. Жанерке Тудахунова 7,5 шақырымдық қашықтықта тағы да үздік атанды. Алишер Маликов 2011–2012 жылғы ұлдар арасында 7,5 шақырымда екінші жеке жеңісін ресми түрде тіркеді. Лейла Мукатова бұл сында қола жүлдегер атанса, Анастасия Соколова да жүлделілер қатарынан көрінді.
Айрықша табыс командалық спринтте байқалды. 2011–2012 жылғы ұлдар арасында Андрей Пирог пен Алишер Маликов күміс жүлдегер атанды. Қыздар спринтінде Лейла Мукатова мен Анастасия Соколова алтын медаль жеңіп алды.
Осылайша, облыстың жас шаңғышылары бірнеше пән бойынша тұрақты нәтиже көрсетіп, дайындық деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді. Команда жаттықтырушысы Ислам Сагиналиевтің айтуынша, бұл жетістіктер жүйелі дайындық пен спортшылардың үлкен еңбегінің нәтижесі.
